2023 жылғы 10 қазанда М. Дулатұлы атындағы №3 ЖОББМ базасында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының VІ облыстық слетінің аудандық кезеңі өтті. Аудан мектептерінен үш команда қатысты: Жаңа жұлдыз а. ЖОББМ, М. Дулатұлы атындағы № 3 ЖОББМ, №2 ЖОББМ.
Слетті ауданның білім бөлімінің әдіскері А. К. Булатбаева ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, жоғары адамгершілікті, жауапты, бастамашыл және әлеуметтік-құзыретті азаматты қалыптастыру.
— Барлық командалар слетке клубтың 2022-23 оқу жылындағы жұмысының қорытындысы туралы «Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиесі» презентациясын және «Жемқорлыққа қарсы қарсы — болашақ ұрпақ» тақырыбында театрландырылған қойылым дайындауы керек еді, — деді ұйымдастырушылар.
Аудандық слеттің қазылар алқасына заңгер, АХАТ бөлімінің басшысы О. Н. Угрюмова, Железин ауданының әкімі аппаратының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы А. Б. Ускембай, ауданның білім беру бөлімінің бас маманы Д. К. Тенизова, ауданның білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.С.Баймикенова, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері А. Е. Умарова кірді.
«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының VІ облыстық слетінің аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша үшінші орынды «Әділет лигасы» командасы (Жаңа жұлдыз ауылының ЖОББМ), екінші орынды «Адал штаб» командасы (№2 ЖОББМ) және бірінші орынды «Адал ұрпақ» командасы (М.Дулатұлы атындағы №3 ЖОББМ) иеленді. Үшінші мектептің командасы 13 қазанда Оқушылар сарайында өтетін облыстық слетте ауданның атынан қатысады.